«М.МАҚАТАЕВ-95 ЖЫЛ»
Қазалы көлік-техникалық жоғары колледжінде қазақ поэзиясының асқар шыңы, сырлы сөздің сардары М.Мақатаевтың 95 жылдық мерейтойына арналған «Жыр оқы жүрекпен» атты кітапханашы сағаты болып өтті. Шараның мақсаты-ақын мұрасын жас ұрпаққа кеңінен насихаттау, олардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыра отырып, поэзиясындағы адамгершілік, отансүйгіштік, махаббат пен өмірге деген іңкәр сезімді жүрекпен сезінуге тәрбиелеу. Шара барысында білім алушыларға М.Мақатаевтың өмір жолы мен шығармашылық мұрасы туралы мазмұнды мәліметтер беріліп, «Аққулар ұйықтағанда», «Қазалы желі», «Ей, өмір», «Өмірдастан», «Жоқ дәрігер» сынды жырларынан үзінділер тыңдаушы жүрегіне жол тауып, ақын жырының мәңгілік екенін тағы бір дәлелдегендей болды. Кештің көркін арттырған сәттердің бірі ақынның жанды дауыста өлеңдері мен нақыл сөздері мен ой-толғамдары тыңдалып, оның философиялық тереңдігі мен азаматтық үні кеңінен танытылды. Сонымен қатар, шараны ұйымдастырушы колледж кітапханашысы С.Сугурова «Мұқағали-мәңгілік ғұмыр» атты кітап көрмесін ұйымдастырып, ақынның жыр жинақтары, поэмалары, күнделіктері, естеліктерін өлең сүйер оқырманға ұсынды. «Жыр оқы жүрекпен» тек еске алу шарасы ғана емес, жас ұрпақтың рухани дүниесін байытқан, поэзияға деген сүйіспеншілігін арттырған тағылымды басқосу болды. Мұқағалидың өшпес мұрасы, жүрекке жеткен жырлары қазақ халқы барда мәңгі жасай бермек.








