ҚКТЖК » Жаңалықтар » Ғасыр жасаңыз, ардақты Ұстаз!

Ғасыр жасаңыз, ардақты Ұстаз!

Қазалы көлік-техникалық жоғары колледжінде ҚР Білім беру ісінің үздігі,   ардагер ұстаз Молдабай Ақниязовтың мерейлі 80 жасқа толу құрметіне арналған «Алтын діңгекті алып бәйтерек» атты мерекелік кеш болып өтті. Мерекелік кешті ардагер ұстаздың шәкірттері: білім ордасының басшысы Б.Ә.Ахметов, директордың ақпараттық технологиялар жөніндегі орынбасары М.Ахай  ұйымдастырып жүргізді. 

Облыстық деңгейдегі іс-шараға республикамыздың түкпір-түкпірінен той иесінің жолдастары,   әріптестері және шәкірттері келді. Қонақтарға колледж тарихы, материалдық техникалық база және өлкетану мұражайы таныстырылды. Айтулы мерекеде колледждің І курс студенттері әдеби монтаж оқып,  "Ұстазым" әнін әуелете шырқады.Сондай-ақ аудандық «Атамұра» халық ардагерлер ансамблі күйден шашу шашса,  "Қыз Жібек" бишілері мың бұрала билеп,  той ажарын ашты.

І курс студенттері көркемөнерпаздар үйірмесінің мүшелері «ән мен жырдан шашу шашып», және «Қыз Жібек» би ансамблдері өз өнерлерін көрсетті.Мерейтой иесінің өмір жолы «Өмірдерек» айдарымен LED  экраннан таныстырылды.

"Алтын діңгекті алып бәйтерек" атты кеште той иесінің "Өмір белестері " кітабының тұсаукесерін академик,профессор А.Бұрқашов, мерейтой иесінің тәлімгері «ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері»,ҚР құрметті ардагері О.Бекбанов және шәкірті «ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері» Қазалы көлік-техникалық жоғары колледжінің директоры Б.Ахметов кесті.

Осы кеште  мерейтойға арналған кіші футболдан аудандық турнирдің және колледжішілік «Талғамы терең, тағылымы кенен аға Ұстаз»  ғылыми жобалар байқауының жеңімпаздарын колледж басшысы Б.Ахметов марапаттады. Жүлдегерлерге Құрмет грамотасы мен бағалы сыйлықтар табысталды.

Қонақтардың жүрекжарды тілектері,  ерекше естеліктері, риясыз әңгімелері көрермен оқытушылар мен студенттердің бойына ізгі тәрбие мен өнегенің дәнін сеуіп рухтандырды. 

Ардагер М. Ақниязовқа облыстық білім басқармасының, облыстық кәсіподақ және облыстық ардагерлер ұйымдарының құттықтау хаттары мен бағалы сыйлықтары табысталып, ілтипат ретінде колледж ұжымының атынан той иесінің иығына шапан жабылып, жұбайына ақ жаулық тартылды.Қазақтың киелі қара домбырасы сыйға тартылды.


21 сәуір 2023 ж. 7