«БАЛА ТӘРБИЕСІ-БАРШАҒА ОРТАҚ»
Қазалы көлік-техникалық жоғары колледжінде облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес аудандағы құқық бұзушылық пен топтық төбелестің алдын алу мақсатында арнайы топ өкілдері колледж студенттері және ата-аналармен кездесті.
Кездесуде алғашқы сөзді алған Мәслихат төрағасы Әліш Ғазиз Әлмәмбетұлы бала тәрбиесіндегі тәртіп бұзушылыққа жол бермеу, ата-ана жауапкершілігінің маңызды роль атқаратынын жеткізе келе, ата-аналарға «балаларының немен айналысып, кіммен араласып жүргенін бақылауды күшейту керек» екенін, отбасында балаларды еңбекке тарту арқылы тәрбиелеу, үштік одақтың бірлескен жұмысын жандандыру, отбасында әрбір ата-ананың болашақтың тұтқасы, жас ұрпақ тәрбиесіне аса қатты көңіл бөлу керектігі туралы баса айтты. Аудан прокуроры Әбіш Дарын Елтайұлы ауданымызда жасөспірімдер арасында құқық бұзушылық пен топтық төбелестің алдын алу мақсатында аудан әкімдігімен бірлескен іс-шараға сәйкес жыл басынан бері 30-тармақ бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жүйелі жүргізіліп жатса да, оқыс оқиға орын алғанын, жасөспірімдер тәрбиесіне барлығымыздың жауапты екенімізді айтты. Орын алған төбелеске қатысты тергеп-тексеру жұмыстары жүргізіліп жатқанын, құқық бұзған жасөспірімдер мен олардың ата-аналарына заңдылығына сәйкес қатаң шара көрілетінін айтты. Кездесуге Қазалы аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Құрманалиев Ғанибек Айбергенұлы, Қазалы аудандық мәслихатының депутаттары Н.Жалғасбаев, Е.Табынбаев, Т.Әліпбаев пен Н.Ботабаевтар қатысты. Жиын соңында ата-аналар тарапынан ұсыныс-пікірлер айтылып, соған сай жауаптар да берілді.