СПОРТТЫ СЕРІК ЕТКЕН САМАТ.
Күні кеше ғана грек-рим күресінен ардагер спортшылар арасында өткен әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанған Самат Оспанның колледжіміздің түлегі екенін мақтанышпен айтамыз. Саматтың ұстазы, ҚР Білім беру ісінің Құрметті қызметкері, колледж директоры Б.Ахметов өз әңгімесінде: "Самат он жасынан бастап спортпен айналысып, адал еңбегінің арқасында грек-рим күресінен талай мәрте жеңімпаз атанған спортшы. Қағылез келген, кішкене бойлы Самат мамандық аламын деген мақсатта оқу орнына келіп, 1994-1997 жылдар аралығында Қазалы көлік-техникалық жоғары колледжінде /бұрынғы ГПТУ-70/ білім алып, 39 "Жылжымалы құрамның электр жабдықтарын жөндеуші слесарь" мамандығы бойынша оқуын бітірді. Тобымыздың үздік оқушысы атанған Самат оқу орнының барлық мәдени, спорттық іс-шарасына қатысып, ортасында жүруші еді. Спорт саласын бағындыратынын бозбала сол сәтте-ақ дәлелдеген еді.Қазіргі таңда спортты серік еткен Самат №17 олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебі грек-рим күресі бөлімшесінің жаттықтырушысы қызметін атқаруда. Жастайынан спортты серік Самат шәкіртімнің жүлдесі барша қазақтың жеңісі деп білемін",- деді. Жуырда ғана Болгария елінің Пловдив қаласынан күміс жүлдемен оралған халықаралық деңгейдегі спорт шебері атанған спортшының алар асуы алда екені сөзсіз.Дүбірлі додада яғни, Болгария жерінде еліміздің көк туын желбіреткен Самат Қобыланұлына келер жылы Греция елінде өтетін Әлем чемпионатында сәттілік тілейміз!