ҚКТЖК » Жаңалықтар » ЕҢБЕКПЕН КЕЛГЕН, ЖЕТІСТІКПЕН ЖЕТКЕН – 90 жыл

ЕҢБЕКПЕН КЕЛГЕН, ЖЕТІСТІКПЕН ЖЕТКЕН – 90 жыл

Қазыналы Қазалы тарихында өз орны бар Қазалы көлік-техникалық колледжіне биыл 90 жыл толып отыр. 1929 жылы 1 қазанда Қазалы паровоз депосының жанында ФЗУ болып ашылып, 1940 жылдың 2 қазанында Үкімет қаулысымен ФЗУ мектебі «Еңбек резервтері» болып қайта құрылған кезде Қазалы депо жанындағы ФЗУ № 3 (ЖУ) теміржол училищесі болып аталып, Орынбор-Ташкент теміржолына аса қажетті мамандық иелерін дайындады.
2019 жылдың 11 қазан күні Қазалы көлік-техникалық жоғары колледжінде «Еңбекпен келген, жетістікпен жеткен – 90 жыл» атты мерейтой өткізілді. Аталмыш мерейтойға республикадан, облыстан қонақтар, түлектер, зиялы қауым өкілдері қатысты. Мерейтой бағдарламасына сәйкес Қонақтарды колледж ауласынан күтіп алып, киіз үйде шұбат, бауырсақ ұсынылып, колледждің материалдық-техникалық базасы, әдістемелік жұмыстары таныстырылып, мамандықтар бойынша шеберлік сағаттары (мастер-класстар) көрсетілді. Әрі қарай әдістемелік орталықта «Кәсіби білім берудегі жұмысшы кадрларды даярлау мәселелері: құзыреттілік, технология, инновация» атты облыстық ғылыми практикалық конференциясы, заманауи кітапханада «Ұлылар салған ізгі жол, ертеңге барар бағытың» атты колледж студенттері мен түлектерінің ашық сұхбат алаңы өткізілді. Конференцияға серіктес мекеме өкілдері, оқу орындарының өкілдері қатысса, ашық сұхбат алаңына колледждің 90 жылындағы ең үздік түлектері студенттерге өздерінің ақыл, кеңесімен бағыт бағдарымен бөлісті. Аталмыш шара барысында «Еңбекпен келген, жетістікке жеткен-90 жыл!» атты мерекелік салтанатты кеш өткізілді. Салтанатты кеште Қазалы ауданы әкімі Ергешбаев Мұрат Нәлқожаұлы құттықтау сөз сөйлеп, шымылдырығын ашып, әрі қарай колледждің 90 жылдығына арналған видеоролик көрсетілді. Сонымен бірге сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлының арнайы құттықтау хаты оқылып, Облыстық білім басқармасының басшысы М.Мелдебекова, Облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағының төрағасы Р. Байназарова құттықтау сөз сөйлеп, колледждің ерен еңбектерін атап өтіп, колледж қызметкерлеріне Республикадан, облыстан, ауданнан келген Құрмет грамоталарымен алғыстарды табыстады. Кеш барысында колледждің 90 жылдық мерейтойына арнайы жинақталған «Күре жолдың шамшырағы» атты кітаптың арнайы облыстан келген, ардақты ұстаз, ардагер Сексенәлі Раханов ресми түрде тұсауын кесті. Шарада ән айтылып, би биленді, сонымен бірге зиялы қауым өкілдері құттықтау сөз сөйлеп, марапаттар табыстады. Шара соңында колледж директоры Б. Ахметов қортынды сөз сөйлеп, колледж студенттерімен қызметкерлері «Елім менің» хорын орындап, көрермендерді тәнті етті. Одан әрі мерейтойлық дастархан әзірленіп, қонақтардың бастары сол жақта қосылып, лебіздерін айтып, колледжге арнайы сыйлықтарын табыстады.
















11 қазан 2019 ж. 1 065