БИІК БЕЛЕСТЕРГЕ БАСТАҒАН ҚАДАМ: ҚАЗАЛЫ КОЛЛЕДЖІНІҢ СТУДЕНТІ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БАЙҚАУДА ІІ ОРЫН ИЕЛЕНДІ!
«Rail Traffic ProSkills 2026» – кәсіби шеберлік пен білім сынға түскен дода!
2026 жылғы 22–23 қазан күндері Астана жоғары теміржол коммуникация колледжінің базасында теміржол саласының болашақ мамандары арасында «Rail Traffic ProSkills 2026» республикалық кәсіби шеберлік байқауы өтті. Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі мен «Talap» коммерциялық емес акционерлік қоғамының ұйымдастыруымен өткен бұл байқау жас мамандардың кәсіби біліктілігін шыңдап, теориялық білімін тәжірибемен ұштастыруына мүмкіндік берген маңызды алаңға айналды.
Екі күнге созылған, төрт модуль бойынша ұйымдастырылған білім мен біліктілік бәсекесінде Қазалы көлік-техникалық жоғары колледжінің ТСК-24/9 тобының студенті Жүсіп Арайлым жоғары дайындық деңгейін, табандылығы мен кәсіби шеберлігін танытып, жүлделі ІІ орынға ие болды!
🥈Бұл – жай ғана жүлделі орын емес, ізденіс пен еңбектің, білім мен сенімнің жемісі. Жас маманның республикалық деңгейде үздіктер қатарынан көрінуі – колледжіміз үшін зор мақтаныш, ал болашақ теміржол саласы мамандары үшін үлкен мотивация. Байқауда студентке арнайы пән оқытушысы Қонақбаева Анар жетекшілік етіп, компатриот-сарапшы ретінде қатысып, арнайы сертификатпен марапатталды. Сондай-ақ студенттің байқауға қатысуына қолдау көрсеткені үшін колледж директорына Алғыс хат табысталды. Бұл марапаттар – білім беру жолындағы бірлескен еңбектің, ұстаз қолдауы мен басшылықтың сенімінің айғағы.
✨ Жетістік – талаптан, жеңіс – еңбектен!
Қазалы көлік-техникалық жоғары колледжінің ұжымы республикалық байқауда колледж абыройын асқақтатқан Жүсіп Арайлымды және оның жетекшісі Қонақбаева Анарды шын жүректен құттықтайды!
Алдағы уақытта да алар асуларыңыз биік, бағындырар белестеріңіз көп болсын! Білім мен біліктілікті ту еткен жас мамандарымыздың жетістігі артып, колледжіміздің мерейі үстем бола берсін! Бүгінгі жүлде – ертеңгі үлкен жеңістердің бастауы!









